ещё
свернуть
Все статьи номера
№11, 2017
Көкейкесті тақырып

Білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңесі

Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – БҰ) қамқоршылық кеңестерін құру тәрбиелеу, оқыту жағдайын барынша жақсартуға, балалардың құқықтарын қорғау және сақтау мәселелеріне қоғамның назарын аударуға, сапалы білім беру қызметтерін көрсетуге бағытталған.

ҚР Білім және ғылым министрінің 27.07.2017 ж. № 355 бұйрығымен Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.

Сәйкесінше мына бұйрықтардың күші жойылды:

  • «Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың және білім беру ұйымдарында оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 22.10.2007 ж. № 501 бұйрығы;
  • «Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 22 қазандағы № 501 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің м. а. 22.12.2016 ж. № 715 бұйрығы.

Қамқоршылық кеңестерінің мақсаттары: жарғылық функцияларын жүзеге асыруға, БҰ-ның материалдық-техникалық базасын күшейтуге жәрдемдесу; білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтарының сақталуына, сондай-ақ БҰ шотына келіп түсетін қайырымдылық көмектің жұмсалуына қоғамдық бақылау жүргізу.

Қамқоршылық кеңесі жұмысының басты бағыттары:

  • әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізуде БҰ-на көмек көрсету;
  • сапалы білім алуға жәрдемдесу;
  • БҰ білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқытудың, тәрбиелеу мен қамтамасыз етудің жайлы, қауіпсіз жағдайын жасау.

Қалалық немесе аудандық білім бөлімі (облыстық/қалалық білім басқармасы, сәйкес саладағы уәкілетті органдар) өзінің интернет-ресурсында және БАҚ-та оны құру туралы хабарлама жариялау арқылы және мәслихат, әкімдік және құқық қорғау органдары, жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестер, коммерциялық емес ұйымдар, ата-аналар, демеушілер өкілдерінің қатарынан оның құрамын бекіту арқылы қамқоршылық кеңесін құрады.

Қамқоршылық кеңесінің құрамына психиатриялық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрған, ҚР Еңбек кодексінің 26-б. 2-т. 3) тарм. сәйкес шектеулерге ие, Қамқоршылық кеңесінің әлеуетті мүшелерімен және осы кеңес құрылатын БҰ басшысымен туысқандық қатынастағы тұлғалар кіре алмайды.

Қамқоршылық кеңесі өз қызметінде БҰ әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге жеке және/немесе заңды тұлғалармен қарым-қатынаста болады және оның мүшелерінің өкілеттіктерін орындауы ақысыз негізде жүзеге асырылады.

Қамқоршылық кеңесінің мәжілісінде сайланатын төраға оған басшылық етеді, ол қамқоршылық кеңесінің атынан әрекет етеді және оның қызметін қамтамасыз етеді. Хатшыны Қамқоршылық кеңесі сайлайды және ол іс қағаздарын жүргізуге жауапты.

Қамқоршылық кеңестерінің құзыреттері:

  • БҰ дамытудың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • БҰ жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу;
  • басшылардың БҰ қызметі туралы, соның ішінде сапалы білім беру қызметтерін көрсету, қайырымдылық көмекті пайдалану және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналастыру туралы есептерін тыңдау;
  • БҰ бюджетін қалыптастыруда және қамқоршылық кеңесі БҰ жұмысынан айқындаған кемшіліктерді жоюда ұсыныстар енгізу.

БҰ-на қайырымдылық көмек түрінде түскен қаржы құралдарын бөлу мен оны мақсатқа сай жұмсау туралы шешім қабылдауда қамқоршылық кеңестері негізгі рөл атқарады.

Қамқоршылық кеңестерінің қызметін регламенттейтін қағидаларға сәйкес оның төрағасы мәжілісті шақырады, қамқоршылық кеңесі мүшелерінің жалпы санының 2/3 бастамасы бойынша мәжілісті өткізерден 5 күн бұрын және қажетіне қарай өткізіледі, бірақ тоқсанына 1 реттен көп емес.

Қамқоршылық кеңестің шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көп даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қабылданған шешімдер туралы ақпарат қалалық немесе аудандық білім бөлімінің (облыстық/қалалық білім басқармасы, сәйкес саладағы уәкілетті орган) интернет-ресурсында жарияланады.

Қағидаларда БҰ-на демеушілік және қайырымдылық көмек түрінде түскен қаражатты шығыстау тәртібі қарастырылған.

Мемлекеттік мекемеге жататын БҰ қабылдаған қаржы құралдары Қазынашылық департаментінде ашылған қайырымдылық көмекке түскен қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады. Қаражат өз кезегінде екінші деңгейлі банктен ашылған шотқа аударылады.

Қағидалармен БҰ-ның арнайы шоттарына түскен қаржы құралдарын қолдану мақсаттары айқындалған.

Осы қаражат тек қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша пайдаланылады.

Демек, қаржы құралдары БҰ білім алушылары мен тәрбиеленушілерін әлеуметтік қолдау, БҰ материалдық-техникалық базасын жетілдіру, спортты дамыту, дарынды балаларды қолдау үшін жұмсалуы мүмкін.

Түскен қаржы қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша МЖМБС талаптарынан тыс БҰ көрсететін келесі ақылы қызметтердің шығындарын жабу үшін қолданылуы мүмкін:

  • қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы қызығушылықтарын дамыту);
  • оқу жоспары мен бағдарламасы бойынша бөлінген оқу уақытынан пән бойынша қосымша сабақтарды ұйымдастыру (пәндер мен пән циклдері);
  • пәндер бойынша ғылым негіздерін тереңдетіп меңгеру (пәндер мен пән циклдері);
  • әртүрлі іс-шаралар өткізу: білім алушылар мен педагог қызметкер арасында спорттық сайыстар, семинарлар, кеңестер,конференциялар өткізу;
  • білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жазғы демалысы, тамақтануы;
  • оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу-тәжірибелік учаскелердің өнімдерін өндіру және өткізу;
  • музыкалық аспаптар мен интернет-байланыстың қосымша қызметтерін көрсету.

Әр жылдың қорытындысы бойынша БҰ басшысы қалалық немесе аудандық білім бөлімінің (облыстық/қалалық білім басқармасы, сәйкес саладағы өкілетті орган) интернет-ресурсына шығындар мен қаражат қозғалысы туралы есебін орналастырады.

Қалалық немесе аудандық білім бөлімінің (облыстық/қалалық білім басқармасының, сәйкес саладағы өкілетті органның) бастамасы бойынша не БҰ таратылғанда және қайта құрылғанда қамқоршылық кеңесі өз қызметін тоқтатады.

Қамқоршылық кеңесінің мүшесі өз бастамасы бойынша немесе үш ай бойы қатыспауы себебінен оның құрамынан шыға алады.

Қамқоршылық кеңестерін құру БҰ қызметін жақсартады, оны қоғамға барынша ашық әрі анық етеді.